Адвокаттың қажылығы немесе кішкентай Айша болмаса
"Құдіреті күшті жаратушы балшықтан Адам Атаны, оның қабырғасынан Хауа Ананы жаратып, жәннәттің мол нығметіне бөлегенде, лағнеттелген Ібіліс оларды азғырып, қателікке ұрындырып еді. Азғын Ібілістің антына алданып, Аллаһ Тағаланың жақындауға тыйым салып, жемісін жеуді шектеген ағашқа қол созған адамзаттың ата-анасы жер бетінің ұқсамаған екі өлкесіне түсірілді. Шексіз тәубелерінің арқасында, шетсіз аймақтардан жол тауып, жер бетінде ең алғашқы екі пенде қауышқан еді. Ал, ақыл иелерінің тәубелерінің қабыл болып, бірін-бірі тапқанына куә болған қасиетті өлке, қымбатты мекен аяғыңыздың астындағы осы Мекке даласы болатын. Алла Тағала бұл жерге Бәйтұллаһты (Алланың үйін) салдырып, қайнары бітпес Зәм-Зәмді ақтырды. Екі дүниенің сұлтаны, басымыздың тәжі, көзіміздің нұры, көңіліміздің шуағы Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) -нің кіндік қанын тамдырып, берекетіне бөледі. Адам баласына шипалы судан дәм татып, Алла үйін зиярат етсін, күнәларына жарылқау тілесін деп, қажылықты парыз қылды. Ал, сіздер, осы парызды орындап, жаңа туған сәбидей өткен қателіктеріңіздің кешірілу бақытына ие болғандарыңыз үшін көп-көп шүкір етуге тиіссіздер, бәріміз де..."- деп, қажылық компаниясының қызметкері сөзін аяқтай беріп еді, қажылардың ішінен бір жігіт:
– Мен бір нәрсе айтсам бола ма?"- деді.
– Айтыңыз!
– Айша болмаса, біз бұл жерге келмес едік."- деп сөз бастады жас жігіт.
– Менің 5 жастағы Айша деген қызым бар. Бәрі де соның арқасында болды.
Біздің көшеде бір кісі бар еді. Әр күні жұмысқа кетер жолда амандасып, қал-жағдайымды сұрап тұратын, өзін толық да танымаймын. Бір күні қасымнан кішкентай Айшаны көріп, "балабақшаға бара ма?"- деп сұрады. Мен "қазірше үйде."- дедім. Ол көршіміз "Мен бір жақсы балабақшаны білемін, қызыңды сол жерге бер."- деді. Мен біраз ойланғандай болып едім, көршіміз: "Тым болмаса бір ай жіберіп көр, ұанаса жалғастырар, ұнамаса басқасына жіберерсің"- деді. Мен де "Жарайды"- дедім. Сөйтіп, қызымды көрші айтқан балабақшаға бердік.
Бір күні таңсәріде ұйықтап жатсақ, бөлменің есігін қақты Айша. Мен оған:
– Не болды қызым, бір жерің ауырды ма?- дедім.
– Жоқ.
– Қарның ашты ма?
– Жоқ.
– Шөлдедің бе?
– Жоқ.
– Онда не болды, айта ғойшы күнім.
– Азан оқылып жатыр. Тыңдадыңыздар ма, соны білейін деп келдім."- деді.
Үнсіз әйеліме қарадым, дауысым кібіртіктеп, "Иә, тыңдадық."- дедім, тыңдамасақ та. Сосын:
– Бұны неге сұрадың?- дедім қызыма.
– Бізге Ұстаз апай "азан оқылып жатқанда тыңдау керек."- деді.
– Иә, иә, тыңдау керек. Ал, енді қызым, барып жата ғой.
– "Азан айтылып біткен соң намаз оқу керек"- деді Ұстаз апай.
– Иә, иә, оқимыз.
– Онда, алдымен дәрет алыңыз.
– Жақсы, жарайды.- дедім де, тұрып тазалық бөлмесіне жүрдім. "Бетімді жуып, қайта келіп жатам ғой"- деп ойладым. Бетімді жуып болып:
– Ал, енді қызым, барып жата ғой.- дедім.
– Жоқ, әке, дәретті толық алған жоқсыз.- деді. Амалсыз бастан-аяақ толық дәрет алдым да, қызыма: "Енді, сен, жата ғой."- деп едім: "Жоқ, намаз оқыңыз."- демесі бар ма?!
Сөйтіп, әйелім де дәрет алды, екеуміз үйде алғаш рет таң намазын қылдық. Абырой болғанда, қалай намаз оқу керек екенін білетін едік. Болмаса, Айша оны да үйретейін деп тұр. Жалғыз қызымыз болған соң, үнемі көңілін қалдырмауға тырысатын едік.
Таң намазын ада қылдық. Жүрегіміз аттай тулап, бойымызды ерекше бір сезім биледі. Еріксіз көзімізден жас та тамды. Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла Тағаланың рахым нұры бойымызға төгілгендей күй кештік!
Таңғы асты ішіп болып, Айшаның балабақшадағы тәрбиеші апайы кім екенін көргіміз келді. Айшаға осының бәрін қасқа ғана уақытта қалай үйреткен, өзі қандай адам?
Бүгінгі жұмыстарымызды кейінгі қалдырып, балабақшаға бардық. Айшаның апайына жолығып, бүгінгі жағдайды баяндадық. Аз ғана уақыттың ішінде көп нәрсе үйреткені үшін алғысымызды білдірдік.
Айшаның апайы: "Ата дінін ұрпақтарға үйрету әркімнің де парызы. Ал, кішкентай кезінен бастап үйретілген ілім тасқа қашалған жазу секілді, өмірі ұзын және жемісті болады. Мұсылмандықты дәріптеп, ислами тәрбие беретін осындай бабабақшаға балаларыңызды оқытқандарыңыз өте дұрыс болған. Ең көркем мінезді де, ең көркем ахлақты да, ізгілік пен адалдықты да ең жақсы үйрететін жүйе – Ислам. Бұл жүйені құрған адамзат емес, Ұлы Алла Тағала. Сондықтан да, бұл – теңдессіз әрі мінсіз жүйе. Тек қана, жүйені атқаратын адамдар, өз ісін тыңғылықты орындаса, ешқандай шикілік шықпайды.
Алла Тағаланың ең алдымен парыз еткен құлшылықтарының бірі намазды бастағандарыңызға қуаныштымын. ИншәАллаһ, ұзағынан болсын!
Бес парыздың тағы біреуі – Қажылық. Егер, оны да өтеуді қаласаңыздар, осы жерден қажылық үшін тіркелулеріңізге болады."- деді Айшаның апайы.
Біз де: "Иә, иә, өтейміз, өтейміз. Ертең кім бар, кім жоқ, белгісіз. Сәті келіп тұрғанда парызымызды өтеп, Алла алдындағы қарызымызды қайтарғанымыз жөн ғой."-дедік. Бұлай сенімді жауап беруімнің бір себебі, тұрмыстық жағдайымыз жақсы еді. Мен өзім адвокатпын. Осылайша, бір жақсылыққа тағы бір жақсылық қосылып, қажылыққа да баратын болдық. Айшаның апайы бізді қажылық үшін тіркеп жатыр еді, кенеттен әйелім: "Менің анам бар еді, ол да барса бола ма"- деді. Айшаның апайы: "Әрине, аты-жөнін айтыңыз, тіркейік"- дей беріп еді, мен де қабаттасып: "Қайын енем барса, менің анам да барсын."- деп жарыса сөз қаттым.
Сонымен, бір Айша төрт кісінің қажылық парызын өтеуіне себеп болды. Сөзімнің басында "Айша болмаса, біз бұл жерге келмес едік" дегенім сондықтан еді. Жалғыз намаз бен қажылық емес, зекетімізді де бердік, кәлимамыз әу бастан аузымызда. Алла бұйырса, алдағы Рамазанда оразамызды да ұстаймыз. Алланың оң назары түсті. Бұған мыңдап шүкір айтсақ та аздық етер. Мейірімді Алла бес парызын түгел қылатын нағыз мұсылман қылып, соңғы демімізге дейін шынайы иман мен ықласты амалдан айырмасын баршамызды!"- деп адвокат жігіт сөзін аяқтады...
("Мен барша жындар мен адамзатты тек маған ғибадат етсін деп жараттым" – Зәрият сүресі 56-аят).
© Нұрғазы НҰРБОЛАТҰЛЫ
Баршамызға Жаратушының құлы болатын перзенттер, ахиретімізге құайырлы болатын салихалы ұрпақ, бұл дүниедегі өміріміздің сәні, мәні болатын бала-шаға нәсіп болғай! Барша-баршаңызға қабыл болатын қажылық сапарын тілеймін!