Пітір садақасы
Пітір садақасы

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деп бұйырды: "Кімде-кім Алла жолында мал жұмсаса (зекет немесе садақа берсе), оған жеті жүз есе сауап жазылады."(Хадис Шәріп Сүнән Нәсәи)

Пітір садақасы - Рамазан айының соңына дейін жеткен және негізгі қажеттіліктерінен басқа ең аз нисап мөлшеріндей (80,18 гр. алтын немесе соған тең) мал-дүниеге ие болған әрбір мұсылманның беруі уәжіп (міндетті) болған бір садақа түрі. Пітір садақасы, зекет парыз болмай тұрып, ораза парыз қылынған жылы уәжіп болған.

Пітір садақасы, оразаның қабыл болуына, өлім қиыншылықтарынан және қабір азабынан құтылуға себеп болады. Жоқ-жітіктің мұқтаждықтарын өтеуге және олардың айт мерекесінің қуанышы мен берекесіне қауышуына да үлкен жәрдем екені даусыз.

Әрбір мұсылман өзі үшін және балиғатқа толмаған, кірісі жоқ кішкене баласы үшін пітір садақасын беруі уәжіп.

Балиғатқа толған үлкен балаларының және өзі беретін жағдайы бар кішкене балаларының пітір садақасы әкесіне уәжіп емес.

Пітір садақасы, Рамазан айттың бірінші күні таңның атуымен (таң намазының кіруімен) бірге уәжіп етілген. Бірақ, жағдайы төмен кісілер айт намазынан бұрын өз мұқтаждықтарынан құтылсын деген мақсатпен ертерек беру мәндүп (орынды) болады.

Пітір садақасы, Рамазан айттың бірінші күні таңның атуымен уәжіп етілгендіктен, таң атпай тұрып нәресте дүниеге келсе, оған да пітір садақасы уәжіп болады. Ал, таң атқаннан кейін туылса, ештеңе қажет емес.

Бір кісі үлкен балаларының пітір садақасын олардың рұқсатымен бере алады.

Өз отбасының негізгі басқарушысы болған жағдайда, рұқсат алмай-ақ бере-беруіне болады.

Бір кісі өз пітірін кедей (меншігінде ештеңесі жоқ) әйеліне, анасына, әкесіне ұлына бере алмайды.

Пітір садақасын айт намазынан кейінге қалдыру мәкруһ (құп көрілмейді).

Айт намазынан бұрын беру өте орынды.

Бір хадис шәріпте Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: "Алла Тағала, пітір садақасын, ораза ұстаған кісіні бос, пайдасыз және жаман сөздерден тазалау және кедейлерді тойдыру үшін уәжіп қылды. Кім пітірді айт намазынан бұрын берсе, оның пітірі қабыл болған пітір садақа болады. Айт намазынан кейін берсе, басқа садақалар сияқты әдеттегі бір садақа ғана болады." (Сүнән Әбу Дәуіт)

 

зекет, ораза, садақа, пітір садақасы
Нұрғазы НҰРБОЛАТҰЛЫНұрғазы НҰРБОЛАТҰЛЫ
7 жыл бұрын 3303
0 пікір
Блог туралы