Қожа Ахмет Ясауи (1093-1166)
Хикметке толы бір ғұмыр
Қожа Ахмет Ясауи, Ислам дінінің Орта Азияда кеңінен таралуына түрткі болған, Түркі әлемінің рухани өміріне зор ықпалын тигізген дін ғұламаларының бірі. Толық аты-жөні Ахмет бин Ибраһим бин Иляс. "Пір Түркістан", "Хазреті Түркістан", "Хазірет Сұлтан", "Қожа Ахмет", "Құл Ахмет Қажы" есімдерімен тарихта қалған Қожа Ахмет Ясауи Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам (Исфижаб) қалашығында дүниеге келген. Әкесі Шейх Ибраһим Ата, анасы Айша Ханым (Қарашаш Ана) еді. Ал, ата шежіресі Хазіреті Әлидің (к.у) ұлдарынан Мұхаммед Ханафиге ұласады.
Қожа Ахмет Ясауи, алғашқы сауатын жеті жасына дейін әкесінен алады. Жеті жасында әкесі қайтыс болған соң, Арыстан Бабтың тәлім-тәрбиесінде болады және Ясының мәшһүр ғалымдарының бірі Шихабуддин Исфижабиден білім алады. Әкесінен кейінгі қамқоры әрі ұстазы Арыстан Баб (Баба) қайтыс болған соң, оның өсиеті бойынша Бұқараға кетеді. Хижридің үшінші ғасырынан(Миләди 9-10 ғасыр) бері Ислам әлемінің ғылым және мәдениет орталығы болған Бұқарада, Нақшибәндия Силсиләсінің сегізінші алқасы Қожа Юсуф Хамаданиге (қ.с) қол беріп, пір тұтады. Қожа Ахмет Ясауи, 27 жасында ұстазы Юсуф Хамаданимен (қ.с) бірге, Мәру, Бұқара, Хәрат, Самарқанд сияқты Ислам орталықтарын аралап, халыққа Ислам және Тасаууф құндылықтарын түсіндіреді.
Қожа Ахмет Ясауи, ұстазы қайтыс болған соң, оның үшінші өкілі ретінде Бұқарада қызметін жалғастырады. Біраз уақыт өткен соң, Түркістанға кету туралы рухани тапсырма алады. Шәкірттеріне Әбдулхалық Ғұждұуани Хазіретлеріне байлануды өсиет етіп, Ясы қаласына кетеді және өмірінің соңына дейін осы арада міндетін жалғастырады.
Ағаштан қасық пен ожау жонып сатумен күнін көрген Қожа Ахмет Ясауидің тәрбиелеген шәкірттері білімдерін жетілдірген соң, туған өлкелеріне қайтып, Исламды қаз қалпында халыққа жеткізуге тырысты. Қожа Ахмет Ясауидің бүкіл Ислам әлеміне дін жаю үшін таратқан дәруиштерінің саны 99 мыңға жетеді-мыс. Бұл көрсеткіш дәлме-дәл тура болмаса да, Ясауи шәкірттерінің аса көп болғанын білдіреді.
Қожа Ахмет Ясауи Ислам мен тариқат әдебін өлеңдерімен жеткізді. Кейіннен бұл өлеңдер "хикмет" атымен танылып, 15-16 ғасырларда бір кітапқа жинақталып, "Диуани Хикмет" атымен кейінгі ұрпаққа мұра боп қалды. Бұл шығарма жай бір өлең емес. Бұл "хикметтерді" Түркі әлемін рухани жақтан алтын шуаққа шомылдырған сырлы шырағдан деу керек. Өйткені, бұл шығарма Түркі әлемінде исламның кең тарлуына түрткі болды. Исламдық Түркі әдебиетінің ескі жауһары "Құтты біліктен" кейінгі ең ескі әдеби мұра қатарына жататын "Диуани Хикмет", Діни-Тасаууфтық Түркі әдебиетінің алғашқы поэзиялық туындыларына жатады.
Мәңгі өмірге кеткеніне 200 жыл болғанда, Әмір Темір Хан оның ескі кесенесін жаңалатып, сәулетшілерге айбынынан ат үркетін керемет кесене тұрғызады.
Қожа Ахмет Ясауи шәкірттеріне: "Құран және Хадис үкімдеріне сай өмір сүру, әулиелердің сөзіне құлақ түру, шариғат пен тариқатты біте қайнастырып, бос дүниеге алданбай, әрдайым нәпсімен күресу." өсиетін қалдырды.
Қасық сатып та күн көрді...
Ахмет Ясауи (қ.с) тұрмыс қажеті үшін ағаштан қасық пен ожау ойып, оны базарда сататын. Оның бір жуас өгізі бар еді. Оған бір қоржын артып, ішіне ойған қасықтары мен шөміштерін салып, Ясының базарына шығатын. Сатқан қасық пен шөміштерінің ақшасын қоржынының аузындағы қыш құмыраға сала беретін. Зат алып, ақшасын бермегендердің артынан өгізі қайда барса да ілесіп алытын. Ол кісі малдың өтемін қоржынға салмайынша, оның қасынан еш айырылмайтын еді. Ақылсыз алдың бұлай істеуі, әулие иесінің кереметінен болса керек. Ахмет Ясауи (қ.с) ақшам уақытнда үйіне қайтатын. Базарда қоржынға артық ақша салатындар да бар еді. Ол осы тапқандары мен жұрттың берген сый-сияпатын мұқтаждарға таратытын және арнайы өзінің шәкірттерінің қажеттіліктеріне жұмсаушы еді.
Мұхаммед Рахим Жармұхаммедұлының 1994 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы сирек кездесетін кітаптар және қолжазбалар бөлімінде Қожа Ахмет Яссауидің әкесінен жеткен "Нәсәбнама" және "Рисалә" атты екі жазбасын зерттеу нәтижесінде, бұл қолжазбада Қожа Ахмет Ясауидің, әкесі Шейх Ибраһим Атадан Хазіреті Әли (к.у) -ге дейінгі шежіресі жазылғанын анықтады.
Қожа Ахмет Ясауи анасынан бүлдіршін кезінде айырылды, әкесі де жеті жасында қайтыс болды. Әкесі ақтық демінде Гауһар Шахназ атты қызына: "Қарағым, қызым! Інің өскенде адамдардың абзалы болады. Оған қөз-құлақ бол."-деп өсиет қалдырады. Осылайша, әпкесі Гауһар Шахназбен бірге тым жас жетім қалады. Кейбір деректерде, Сайрам қаласында орналасқан Әкесі мен анасының кесенесін Қожа Ахмет Ясауидің өзі салдырғаны туралы айтылады.
Қожа Юсуф Хамадани (қ.с) тірі шағында, Абдулхалқ Ғұждұуани Хазіретлері ұстазынан, өзінен кейінгі ізбасары кім болатынын сұрайды. Ұстазы: "Менің орнымды Қожа Абдуллаһ Берки басады. Одан кейін, Қожа Хасан Андаки, одан кейін Қожа Ахмет Ясауи басады. Ол түркістанға кеткен соң, менің ізбасарым сен боласың."- деп жауап береді.
Қожа Ахмет Ясауидің оңаша өмірі
Қожа Ахмет Ясауи бала күнінен Пайғамбардың (с.ғ.с) сүннетіне сай өмір сүруге тырысыпты. Сол себепті, 63 жасқа келгенде "Пайғамбарымыз 63 жасында қайтыс болғандықтан, жер үстінде одан көп жүруден ұялғанын" айтып, құлшылық үйінің ауласынан қабірге ұқсаған бөлме қазып, жер астында өмірін жалғастырады. Жер астындағы құлшылық өмірінің дәл қанша уақытқа жалғасқаны белгісіз. Бірақ, қайтыс болған жылы 1166 жылы деп бекітілгенін ескерсек, 10 жыл жер астындағы шілеханасында құлшылықпен оңаша өмір кешкенін және 73 жасында арғы өмірге аттанғанын білуге болады.
Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі Түркістан қаласының Шымкент жақ кіреберісінен 2 км жерде орналасқан. Алдында қызы Рәбиға Ханымның кіші күмбезді қабірі бар.
Қайтыс бола салысымен қабірінің басына кішкене кесене тұрғызылған еді. Арада екі ғасыр өткен соң, Әмір Темірдің түсінде, оның Бұқараны өзіне қарататыны жайында аян береді. Бұл түсті көрген Әмір Темір Бұқараға жорыққа аттанып, жеңіспен оралады да, жеңісіне шүкір етіп, рухани қолдаушысы Ахмет Ясауиға зиярат етіп Ясыға келеді.1396 жылы Қожа Ахмет Ясауидің қарапайым қабірін зиярат еткен Әмір Темір, құрметке лайық сәулетті кесене салуды әмір етеді. Кесененің кейбір өлшемдерін өзі арнайы белгілейді. Сол дәуірдің атақты сәулетшісі Қожа Хусейн Ширазидің жоба жетекшілігімен құрылысы басталады. Кесене, Орта Азия сәулет үлгісіне сай тұрғызылды. Сыртқы қабырғалары реңді шыны кірпіштермен безендіріліп, жоғары тұсына құран аяттары жазылды. Қабырғаларының басқа бөлігінде Куфа хат жазба үлгісімен бірнеше дұға жазылған. Кесененің үлкен есігінде "Бәбұ'с Садат, Мәғдану'с Сағадат. Хұббү'с Садат, Мифтахұ'с Сағадат."- деген арабша жазу жазылған. Қазақша мағынасы: "Сеиддер қақпасы, бақыттың кені. Сеидті сүю, бақыттың кілті." (Садат - тариқаттағы мырзалар деген мағынада қолданылады). Құрылыс аумағы 3 мың шаршы метрді қамтиды.
Дәуірінің айырықша сәулет туындысы болған бұл кесененің салынуына екі жыл уақыт кетті. Кесене аумағына, Әмір Темірдің әмірімен мешіт, ғибадатхана, ас бөлмесі және т.б. қызмет көрсету үйлерінің салынуымен үлкен аулалы ескерткішке айналады. Айбынды құрылыс тамамдалған соң зияратқа келген Әмір Темір, Ясы қаласының жоқ-жітігіне берілуі үшін қомақты садақа береді. Кесене мен айналасындағы қызмет көрсету үйлерінің қажеттіліктері үшін ауласын дөңгелектеп қоршап, Ясы каналдарынан су кәрізін тартқызады.
Әмір Темірдің бірде-бір соғыста жеңілмеуінің сыры, өмір бойы ғалымдар мен әулиелерге үлкен құрмет көрсеткенінің арқасы болса керек.
Бүгінгі таңда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, һәм діни һәм бағалы сәулет туындысы ретінде дүниенің төрт бұрышынан келген саяхатшылар мен зияратшылардың үзіліссіз бас сұғатын орнына айналды.