Иманның шарттары және Алла Тағаланың сипаттары
Иманның шарттары және Алла Тағаланың сипаттары

Иманның шарттары алтау:

  1. Алла Тағалаға сену;
  2. Періштелеріне сену;
  3. Кітаптарына сену;
  4. Пайғамбарларына сену;
  5. Ақырет күніне, өлгеннен соң қайта тірілудің хақ екендігіне сену;
  6. Тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алланың жаратуымен болатындығына сену.

Бұл алты шарттың біреуін қабылдамау бәрін жоққа шығарумен тең. Мысалы, иманның бес шартын қабылдап, ақыретке сенбесе, ол адам мұсылман болмайды.

Алла Тағалаға иман:

Иманның алты шартының біріншісі - Алла Тағалаға сену. Алла Тағала бар. Оның болмысы барлық көркем сипаттарды қамтыған. Ол бүкіл кемшілік атаулыдан ада әрі пәк.

Алла Тағаланың сипаттары зати және сүбүти болып екіге бөлінеді.

Зати сипаттары:

  1. Ужуд: Бар болу. Алла Тағала бар.
  2. Қидам: Ежелден бар болу. Оның бар болуының бастауы жоқ.
  3. Бәқа: Мәңгі болу. Бар болуының соңы жоқ.
  4. Уахданият: Жалғыз болу. Затында және сипатында біреу ғана, ортағы жоқ.
  5. Мұхаләфәтүн лил хауадис: Жаратылысқа мүлде ұқсамау. Алла Тағалаға еш нәрсе ұқсамайды. Ойға оралған сипаттаулардан пәк.
  6. Қиям бинәфсиһ: Бар болуы еш нәрсеге мұқтаж емес.

Сүбүти сипаттары:

  1. Хаят: Тірі болу. Алла Тағала тірі және тірілтуші.
  2. Ғилм: Ғылым. Алла Тағала барлық нәрсені, тіпті, жүректегі ниетті де біледі.
  3. Сәмиғ: Есту. Алла Тағала бәрін естиді.
  4. Басар: Көру. Алла Тағала қараңғы түнде қара тастың үстіндегі қара құмырысқаны көріп, аяқ дыбысын естиді.
  5. Ирадәт: Қалау. Алла Тағаланың қалауы міндетті түрде орындалады.
  6. Құдрат: Құдіреттті болу. Барлық нәрсеге Алла Тағаланың күш-құдіреті жетеді.
  7. Кәләм: Сөйлеу. Алла Тағала әріп пен дыбысты қажет етпей сөйлейді. Құран Кәрім Алланың сөзі.
  8. Тәкуин: Жарату. Алла Тағала барлық нәрсені жаратушы.

 

Нұрғазы НҰРБОЛАТҰЛЫНұрғазы НҰРБОЛАТҰЛЫ
7 лет назад 7404
0 комментариев