Нұх Пайғамбар кеме жасап жатқанда, бір қылжақбас күнде оны мазақ етеді екен. Оның құйтырқы сөздеріне Нұх шыдай алмай кейде жылап жібереді екен. Ол:
- Мына жындының ісін қараңдар, су жоқ жерге кеме жасап жатыр. Кемеге барлық жануарды жинамақшы. Кемеде қасқыр мен қой, түлкі мен тауық қайтып бірге тұрады? - деп әжуалайды екен.
Бір күні апат басталып, барлық жануар Хақтың әмірімен кемеге мінеді. Кеменің есігі жабылар соңғы сәтте Жәбірейіл періште бір мақлұқты сүйреп әкеліп:
- Әй, Нұх, мынау - сені әжуалап, талай рет жылатқан қылжақбас. Момынды мазақтаған - Құдаймен ойнағанмен бірдей. Сені нала қылғаны үшін Тәңірі оны маймылға айналдырды. Оны ала кет. Топан судан қалай аман қалатыныңа куәгер болсын, - дейді.
Қылжақбас адам маймылға айналып, хайуандардың қарасын көбейтеді. Содан бері өзі де елдің мазағына ұшырап келеді екен. "Кісіні мақақ етпе" деген тыйым содан қалыпты.
Бұл жай ғана бабалардан жеткен бір қисса десек те, дұрысын Алла біледі. Бір анығы, Адамның маймылдан емес, топырақтан жаратылғаны. Оған қазіргі ғылым да шек келтіре алмайды. Бұл туралы қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде де көптеген аяттар бар.
Құран кәрімде адамның жаратылуы жөніндегі аяттардың барлығында да хазірет Адамның топырақтан жаратылғандығы айтылады. Ол туралы Құранда: «Аллаһ Тағала сені (Адам атаны) топырақтан, сосын бір тамшы судан (Адам атаның ұрпағын) жаратты», – дейді. Арғы бабамыз жаратылған топырақты Ұлы Жаратушы адам баласының қияметке дейін ғұмыр кешетін, өзі мекендейтін қара жер бетінен алдыртады. Ол жай ғана топырақ емес, жер бетінің өзегі мен дәнін құрайтын топырақ.
Яғни, жердің барлық элементтерін қамтыған топырақ. Сондай-ақ, Аллаһ Тағала «Сад» сүресінде адамды тікелей Өзі құдірет қолымен жаратқандығын айтады. Аяттағы «Құдірет қолмен жаратуы» адамды жалпы жаратылыстан үстем, ардақты етіп жаратқандығын білдіреді. Адам атаның жаратылуы – Аллаһ Тағаланың тікелей мұғжизасы.
Құран Кәрімде Адам атаның жаратылуы хазірет Исаның жаратылуына ұқсас екендігі білдірілген. «Әли Имран» сүресінде: «Шын мәнінде, Аллаһтың қасында (дүниеге келуі тұрғысынан) Исаның жағдайы (Исаның Мәриям құрсағында әкесіз жаратылуы); топырақтан жаратып, сонан соң «бол» дегенде бола қалған (әкесіз тіпті анасыз жаратылған) Адамның жағдайы сияқты», – делінген. Сонымен қатар, Құранда Адам атаның (а.с.) жаратылысы жайлы айтылғанда, адамның жаратылысы да баяндалады.
Құранда: «Расында, біз адамды нағыз (сүзілген) балшықтан жараттық. Сосын оны (Адам атаның ұрпағын) шәуеттің бір тамшысы күйінде мықты жерге (ана құрсағына) орналастырдық. Сосын ол тамшыны алақаға (жабысқақ ұрықтанған клеткаға) сосын оны мудғаға (бір тістем ет бейнесіндегі жаратылысқа) сосын мудғаны сүйектерге айналдырдық, сосын сүйектерді етпен қаптадық, сосын оны басқа бір жаратылыс жасадық (жан беріп сөйлеттік)», – дейді. Яғни бұл аяттан түсінгеніміз, адам жаратылысы бірнеше сатылардан тұрады.
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сіздердің әрқайсыларыңыздың жаратылысыңыз әуелі ана жатырында қырық күнде жүзеге асады. Кейіннен ұйыған қанға, одан бір жапырақ етке айналады. Содан кейін барып оған періште жіберіліп, жан бітіріледі. Періштеге сәбидің «несібесін, ажалын, амалын, бақытсыз я бақытты болатынын тағдырына жазу бұйырылады» деген хадисі де бұл аятта айтылған ақиқаттарды құптай түседі.
Адам мен маймылдың физикалық және биологиялық ерекшеліктерінің ұқсастығын айтып дабыл қағып, "адам маймылдан азды" деп жүрген ғалымдар, Алланың осы ашық аяттарына қарамай ма?! Ал, бүгінгі ғылым жоғары деңгейде деген күннің өзінде, бір-біріне өте ұқсас болған адам мен маймыл жаратылысының сыры жоғарыда баяндалған қиссадағыдай болуы бек мүмкін ғой. Яғни, адам маймылдан емес, маймыл адамнан азған. Азғын адам маймылға айналған деген сөз. Бұған Алланың құдіреті әбден жетеді. Алла Тағала барлық нәрсені жаратушы және барлық нәрсеге күші жетеді.