Мәуләна
Мәуләна

Мәуләна Жалалиддин Румидің өмірі

Толеранттылық пен бейбітшіліктің символы болған Мәуләна Жалалиддин Руми (төл есімі Мұхаммед Жалалиддин)1207-жылы Ауғаныстанның Балх қаласында туылған. Әкесі Сұлтан-ул-Ғұлама (ғұламалардың сұлтаны) атымен мәшһүр Бахауддин Уәләд мырза, анасы Балх қаласының әмірі Рухниддиннің қызы Мүминә ханым еді. Моңғол шапқыншылығының кесірінен әкесі Бахауддин Уәләд мырза отбасымен бірге Балх қаласынан Бағдатқа көшуге мәжбүр болады , кейін ол жерден қажылық ниетімен Меккеге кетеді. Қажылық парызын өтеген соң Анадолы Селжүктерінің дүркіреп түрған шағында Анадолыға қоныс аударады.
1225-жылы әкесі Хз.Мәулананы Гауһар есімді қызбен үйлендіреді. Селжүк мемлекетінің сұлтаны Алауддин Кейкубадтың ұсынысымен 1228-жылы отбасымен Конияға көшіп келеді. 1231-жылы Хз.Мәуләнаның әкесі Бахауддин Уәләд мырза о дүниеге аттанады. Келесі жылдан бастап Хз.Мәуләна әкесінің шәкірттерінің бірі болған Мұхаққақ-и-Тирмизиге 9 жыл көлемінде шәкірт болады (1232-1241). Кейбір деректерде Хазіреті Мәуләна білімін жетілдіру үшін Шамға кеткендігі де айтылады.
Мұхаққақ-и-Тирмизи қайтыс болған соң Хз.Мәуләна біраз уақыт медреселерде дәріс береді. Оқытқан дәрістері Селжүк сұлтаны мен уәзірлері тарапынан да қолдау табады.
1244-жылы Шәмс-и-Тәбризимен танысқан Хз.Мәуләнаның өмірі өзгеріп, терең білімнің арқасында ұлы ойшылға айналады. Тәбризимен арадағы сұхбаттардан кейін адамдардан алшақтай бастаған Хз.Мәуләна шәкірттері мен халқының ренішін туғызады. Рухани әлемінің тереңіне шомып, нағыз диуанаға айналған көңіл сұлтандарын халқтың түсінбеуі себебінен Шәмс-и-Тибризи Шамға кетуді жөн көреді. Бірақ, Хз.Мәуләнаның қайта-қайта шақыртуымен 9 ай өткен соң Конияға қайта оралады. Шәмс-и-Тибрзи үздіксіз жалғасқан қарсылықтардың нәтижесінде 1247-жылы жұмбақ жағдайда көзден ғайып болады.
Бұл оқиғадан кейін Хз.Мәуләна өзін толықтай сырлы өлеңдер жазуға, зікірге және жұртын рухани жақтан жетілдіруге арнайды. Кейінірек, Салахуддин Зәркуби мен Хүсәмиддин Шәләбиді өзіне жақын сырлас тұтады.
Хазіреті Мәуләна Жалалиддин Руми 1273-жылы Кония қаласында Хаққа жол тартты.

 

Мәуләнаның Мәснәуиі

"Мәснәуи" классикалық шығыс әдебиетіндегі бір өлең түрінің аты. Сөздікте "екі, екілік" деген мағынаны білдіреді. Әдебиетте егіз ұйқаспен, екі тармақ бір шумақ етіп жазылған өлеңдер "Мәснәуи" деп аталған. Әр шумақтың бір қалыпта жазылып, тек әртүрлі мағыналарда бейнеленуі, мәснәуидің өзіне тән айырықша ерекшелігін көрсетеді. Шытырман оқиғалар мен сырлы хикаялар өлең шумақтармен өрнектеліп, түсіну және оқу қолайлығын тудыруы да мәснәуидің өзіндік құрлымын әйгілейді. Мәснәуи қаншалықты классикалық шығыс өлең стилдерінің бірі болса да, "Мәснәуи" дегенде ең алдымен ойға оралатыны Мәуләнаның мәснәуиі.
Мәуләна мәснәуиді Шәләби Хүсмиддиннің ұсынысы бойынша жазады. Шәләби Хүсмиддиннің айтуынша, Мәуләна мәснәуи бәйіттерін аулада жүргенде, отырғанда, сейілдегенде, тіпті, зікір етіп жатқанда да айтады екен, оны Хүсмиддин хатқа түсіріп отырыпты.
Мәснәуидің парсы тілінде жазылған түпнұсқасы қазір Хален Мәуләна мұражайында сақтаулы. 1278-жылдан бері ұрпақтан-ұрпаққа жеткен бұл жәдігер 25618 бәйіттен тұрады.

Мәуләна үлкен алты бөлімнен құралған мәснәуиінде тасаууфтық пікірлері мен түсініктерін бір-біріне ұласқан хикаялар арқылы баяндайды.

Нұрғазы НҰРБОЛАТҰЛЫНұрғазы НҰРБОЛАТҰЛЫ
8 лет назад 5350
0 комментариев
Прямой эфир