Иманның шарттары алтау:
- Алла Тағалаға сену;
- Періштелеріне сену;
- Кітаптарына сену;
- Пайғамбарларына сену;
- Ақырет күніне, өлгеннен соң қайта тірілудің хақ екендігіне сену;
- Тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алланың жаратуымен болатындығына сену.
Бұл алты шарттың біреуін қабылдамау бәрін жоққа шығарумен тең. Мысалы, иманның бес шартын қабылдап, ақыретке сенбесе, ол адам мұсылман болмайды.
Алла Тағалаға иман:
Иманның алты шартының біріншісі - Алла Тағалаға сену. Алла Тағала бар. Оның болмысы барлық көркем сипаттарды қамтыған. Ол бүкіл кемшілік атаулыдан ада әрі пәк.
Алла Тағаланың сипаттары зати және сүбүти болып екіге бөлінеді.
Зати сипаттары:
- Ужуд: Бар болу. Алла Тағала бар.
- Қидам: Ежелден бар болу. Оның бар болуының бастауы жоқ.
- Бәқа: Мәңгі болу. Бар болуының соңы жоқ.
- Уахданият: Жалғыз болу. Затында және сипатында біреу ғана, ортағы жоқ.
- Мұхаләфәтүн лил хауадис: Жаратылысқа мүлде ұқсамау. Алла Тағалаға еш нәрсе ұқсамайды. Ойға оралған сипаттаулардан пәк.
- Қиям бинәфсиһ: Бар болуы еш нәрсеге мұқтаж емес.
Сүбүти сипаттары:
- Хаят: Тірі болу. Алла Тағала тірі және тірілтуші.
- Ғилм: Ғылым. Алла Тағала барлық нәрсені, тіпті, жүректегі ниетті де біледі.
- Сәмиғ: Есту. Алла Тағала бәрін естиді.
- Басар: Көру. Алла Тағала қараңғы түнде қара тастың үстіндегі қара құмырысқаны көріп, аяқ дыбысын естиді.
- Ирадәт: Қалау. Алла Тағаланың қалауы міндетті түрде орындалады.
- Құдрат: Құдіреттті болу. Барлық нәрсеге Алла Тағаланың күш-құдіреті жетеді.
- Кәләм: Сөйлеу. Алла Тағала әріп пен дыбысты қажет етпей сөйлейді. Құран Кәрім Алланың сөзі.
- Тәкуин: Жарату. Алла Тағала барлық нәрсені жаратушы.